ЕЛ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМДІ ҰРПАҚТА, ДАМЫҒАН ӨҢІРДЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті мәселелер және оны цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің болашақ даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат.
Білім беру саласының өкілі ретінде мен үшін Жолдаудағы білім сапасын арттыру, жасанды интеллектіні мектеп қабырғасынан бастап меңгерту, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту және ауыл мектептерінің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттер ерекше маңызды. Ауыл балаларына сапалы білімге тең қолжетімділік беру – ел болашағына салынған инвестиция.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы үшін жол инфрақұрылымын дамыту мәселесінің маңызы зор. Әсіресе, Көкшетау мен Петропавл арасындағы халықаралық маңызы бар автожолды кеңейту және жаңғырту өңіріміздің көптен күткен маңызды жобаларының бірі. Бұл бастама жүзеге асса, облыстың көлік қатынасы жақсарып, кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жаңа серпін береді. Жол сапасының артуы ауылдық елді мекендердің әлеуетін көтеріп, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады.
Халықтың әл-ауқатын арттыру, жалақыны өсіру, еңбек адамдарының еңбегін лайықты бағалау мәселелері де ерекше назар аударуға тұрарлық. Әсіресе, ауылдық жерлерде еңбек етіп жүрген педагогтердің, ауыл шаруашылығы мамандарының және басқа да еңбек адамдарының табысын арттыру – тұрақты дамудың маңызды шарты.
Менің ойымша, білімді ұрпақ, заманауи инфрақұрылым, қуатты агроөнеркәсіп және лайықты еңбекақы – өңірдің өркендеуіне негіз болатын басты бағыттар. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асыру арқылы Солтүстік Қазақстан облысының әлеуетін арттырып, ауылдың дамуына және еліміздің экономикалық қуатын нығайтуға үлес қоса аламыз.
Берік Ұзақбайұлы,
«Қызылжар Абай орта мектебі» қорының басқарушы директоры