«Мен жастарға сенемін!..»

Басты Бет

«Мен жастарға сенемін!..»

«Мен жастарға сенемін!..» Ұлы жерлесіміз, Алаш арысы, көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың бұл өлмес сөздері әрбір жас буынға арналған өсиеттей жаңғырып тұрады.
Жуырда мектебіміздің 5-8 сынып оқушылары ұстаздарымен бірге Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев ғылыми орталығында болып, тарих пен әдебиет әлеміне танымдық саяхат жасап қайтты. Экскурсия барысында балалар ақынның өмір жолымен танысып қана қоймай, ұлы тұлғаның рухани мұрасынан нәр алды. Оқушылар ақын өмір сүрген дәуірдің лебін сездіретін бірегей жәдігерлерді, мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттерді үлкен тебіреніспен тамашалады.
Орталық мамандарының танымдық әңгімесін тыңдап, Мағжан өлеңдерінің мәнерлеп оқылғанына куә болған оқушылар ана тілінің құдіреті мен көркемдігін терең сезіне түсті. Ақын тағдыры жайлы беймәлім деректерді естігенде, балалардың көбі Мағжан шығармаларын одан әрі тереңірек оқуға, жыр жинақтарын парақтауға құштарлықтары оянғанын жеткізді.
Бұл сапар оқушыларға ерекше шабыт сыйлап, рухани азық болды. Мағжан шығармашылығын талқылай отырып, олар ақынның жалынды рухын, ұлтына деген шексіз махаббатын жан дүниесімен ұғынды.
Осындай танымдық кездесулер жас ұрпақтың кітапқа, білімге деген құрметін арттырып, туған жерге, ұлы бабалар мұрасына деген мақтаныш сезімін оятатыны сөзсіз. Бұл сапардан бәріміз ерекше әсер алып, көңіліміз марқайып, үлкен шабытпен оралдық!