Жылдар өткен соң түлектердің туған мектеп табалдырығын қайта аттауы әрқашан ерекше толқыныс сыйлайды. Бүгінгі таңымыз дәл осындай өте қуанышты әрі көптен күткен кездесумен басталды.
Қызылжар Абай орта мектебінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына «Әділет» партиясынан үміткерлер Айымгуль Акылбаевна Абилева мен Қалия Батталовна Төренованың, «Әділет» партиясы Саяси бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мүшесі, сондай-ақ, облыстық сайлауалды штабының мүшесі Берік Ұзақбайұлының педагогикалық ұжыммен кездесуі өтті.
Бүкіл мектеп ұжымы үшін бұл күн шын мәнінде әсерлі болды. Айымгүл Ақылбайқызы – біздің мектептің түлегі. Оның туған мектебіне оралуы, тәлімгерлері мен ұстаздарымен қауышуы барша қатысушыларға шынайы қуаныш сыйлады. Кешегі шәкірттерінің сенімді қадам басып, кәсіби биіктерді бағындырғанын және қоғам мен елге пайдасын тигізуге ұмтылып жүргенін көру – әрбір ұстаз үшін үлкен мақтаныш.
Ашық диалог барысында «Әділет» партиясының өкілдері мен ұстаздар білім беру саласындағы өзекті мәселелерді, ауылдың дамуы және сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын талқылады. Кездесу өзара сыйластық, сындарлылық және туған өлкеміздің болашағына деген шынайы жанашырлық жағдайында өтті.
Қонақтарға ашықтығы, өзекті мәселелерге көңіл бөлгені және мектеп қабырғасындағы естеліктеріне деген құрметі үшін алғыс білдіреміз!