Қош бол, бастауыш сынып!
Кеше ғана көздері мөлдіреп, қолдарына гүл шоқтарын ұстаған кіп-кішкентай бүлдіршіндеріміз үлкен үмітпен мектеп табалдырығын алғаш аттап еді. Ал бүгін олар бастауыш сыныптың түлектері!
Артта алғашқы жаңалықтарға, қызықты үзілістерге, шимайланған дәптерлер мен шынайы мектеп достығына толы төрт жыл қалды. Балаларымыз есейді, көп нәрсені үйренді және жаңа белеске қадам басуға дайын.
Гүлнұр Мұхтарқызы мен Жанар Ковлановнаға шексіз төзімділігі, аналық қамқорлығы мен балалардың жүрегіне ұялатқан жылылығы үшін алғысымыз шексіз. Балалардың тірегі болған ата-аналарға да рақмет — сіздердің сенімдеріңіз бен жылы қолдауларыңыз осы алғашқы жеңістердің басты кілті болды!
Қымбатты түлектер! Алда бесінші сынып — жаңа сабақ кестесі, жаңа пәндер мен жаңа мұғалімдер күтіп тұр. Бұл жол қызықты әрі жарқын болсын!
Қадамдарың құтты болсын, болашақ бесінші сынып оқушылары!