Армысың, әз-Наурыз!
Мектебімізде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтті. Бұл жай ғана мереке емес – бұл бабадан қалған аманат, бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухтың жаңғыруы. Сахна төрінде жаңарған табиғатпен бірге қазақтың көне салт-дәстүрлері қайта тіріліп, «Аластау» арқылы жамандықтан арылу, «Ұйқы ашар» мен «Селт еткізер» арқылы сыйластық пен ізеттілік, «Көрісу» арқылы бауырмалдық пен кең пейіл көрініс тапты.
Ақ батасын арнаған Қыдыр ата бейнесі – береке мен ырыстың символы ретінде балалардың жүрегіне үміт пен сенім ұялатты. Домбыраның күмбірі мен ұлттық билер – халқымыздың мәңгі өшпес өнерінің айғағы болды.
Осындай игі шаралар арқылы біз жас ұрпақтың бойына тек білім ғана емес, ұлттық рух, елге деген сүйіспеншілік, ата дәстүрге деген құрмет дарытамыз.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Әр шаңыраққа құт-береке, бірлік пен ынтымақ орнасын!