«Қызылжар Абай орта мектебі» КҚ-да «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Басты Бет

«Қызылжар Абай орта мектебі» КҚ-да «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

«Қызылжар Абай орта мектебі» КҚ-да «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

2025 жылдың 23 сәуірінде Қызылжар Абай орта мектебінде қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Таңсәріден келген келген қонақтарды мектеп ауласында тігілген киіз үйлерде қарсы алды. Киіз үй ішінде мектеп оқушылары, ата-аналары, мұғалімдері жасаған қолөнер бұйымдарына көрме ұйымдастырылды. Қонақтар екінші киіз үйде жайылған дастарханнан дәм татып, екі иінінен дем алған,  буы бұрқыраған  самауырдан құйылған ыстық қою шай мен қазандағы майға қызара піскен ыстық  бауырсақтан  ауыз тиді.  Далада қара қазанда ет те  қайнап жатты.  Мектептің алдындағы спорт алаңында оқушылар қазақтың ұлттық ойындарын ойнады. Бұның бәрі бір сәт Абай өмір сүрген замандағы қазақ даласының көрінісін көрсету мақстаныда жасалынған еді. Асық ату, арқан тарту сияқты ойындар келген меймандардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Мектептің фойесінде қонақтарды Амангелді Бекайдарұлының жетекшілігіндегі домбырашылар ансамблі музыкалық композициямен қарсы алды. Ал екінші қабатта ғылыми зерттеуге қызығушылық тудырған оқушылардың  пәндік жобаларының тұсаукесері өтті. Бұл жобаларда Абай ілімін әр бала өзіне жақын   математика, тарих, әдебиет  пәндермен үйлестіре зерттесе, ал бір оқушымыз өзінің және өзі сияқты қатарластарында кездесіп жүрген бір мәселені Абай өлеңі арқылы қалай  шешуге болатынын  зерттеген.

Пленарлық мәжіліс мектеп мұғалімдерінің сахналық қойылымымен ашылды. Мұғалімдер  Абайдың өмір жолынан  үзіндіні шағын  қойылым арқылы  көрсетіп, қарасөздері мен өлеңдерін нақышына келтіре , көрерменіне жеткізе оқып берді.  "Көзімнің қарасы" әні шырқалғанда, зал бірге қосыла айтты.

Пленарлық мәжілісте ғылым мен білім саласындағы Республикамызға және өңірімізге танымал тұлғалар сөз сөйледі.

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы «Абай мұрасының алтын арқауы - ғылым мен білім» тақырыбында баяндама оқыды.

Қазақстан Жазушылар одағының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменов газет-журнал оқуға шақырып, басылымдарға жазылуды насихаттады.

Сонымен қатар, ЖОО оқытушылары, қоғам белсенділері де Абай мұрасының бүгінгі күнмен байланысы туралы терең ойларымен бөлісті.

Конференция жұмысы мұғалімдермен TEDx, дөңгелек үстел, тәжірибелік алаң форматтарында жалғасты.

Конференция жоғары ұйымдастырушылық және терең мазмұндық деңгейде өтіп, қатысушылардың жүрегінде есте қалар әсер қалдырды. Абай идеяларының рухани бай тұлға тәрбиелеудегі өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.